26.03.2020

«Қазақтелеком» ҚР ИИДМ бірлесіп көлік бойынша интерактивті карта жасады

Достар, бизнеске арналған ашық, цифрлы ISMET.KZ тұғырнамасында «Көлік ақпарат» атты жаңа бөлім ашылды. Мұнда көлік желісінің қолжетімдігі туралы интерактивті карта бар. Бұл парақшаны «Қазақтелеком» АҚ ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірігіп жасады.

Көлік бағыттары мен дәліздерінің қолжетімділігі туралы халықты барынша ақпараттандыру мақсатында «Қазақтелеком» ИИДМ бірлесіп, көлік желілерінің қолжетімділігі (ашық және жабық бағыттар) туралы интерактивті карта жасады. Карта арқылы тұрғындар нақты уақыт режимінде қандай да бір жол бағыттарының қолжетімділігін (әуе көлігі, теміржол және автокөлігі) тікелей қарап отыра алады.

«Қазақтелеком» АҚ-ның ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қызметінің атқарушы директоры Бикеш Құрманғалиеваның айтуынша, аталған парақшаны ақпараттық қолдау Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құзырында. Ал «Қазақтелеком» техникалық жағынан қамтамсыз етіп, парақшаның дамуына жауап береді. «Көліктің үш түрі бойынша қолжетімділігі туралы ақпарат парақшаның маңызды бөлімі болып табылады: халықаралық және ішкі әуе рейстері туралы ақпараттар, Нұр-Сұлтан мен Алматы бағытындағы жолаушылар поезі және транзиттік поездар туралы ақпараттар,сонымен қатар автокөліктер қозғалысына қатысты барлық ақпараттар. Картада сонымен қатар, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы блокпосттар туралы ақпарат көрініс тапқан. Бағыттың ашық не жабықтығын көру үшін қызықтырған облыс немесе қаланың үстінен басса жеткілікті», - деп түсіндірді Б. Құрманғалиева.

Сонымен қатар «Көлік ақпарат» парақшасында шұғыл желі нөмірлері бар. Олар орталық шұғыл желі, облыстар мен қалалар бойынша call-орталықтар болып бөлінген, және мұнда ақпараттық жаңалықтар жарияланып тұрады.

Картамен мына сілтеме бойынша танысуға болады: https://www.ismet.kz/ru/coronavirus