1–3 қазанда Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы өтеді. Ол әзірлеушілерді, технологиялық компанияларды, стартаптарды, инвесторларды, зерттеушілерді және мемлекеттік органдардың өкілдерін біріктіреді.
Бұған дейін форум Digital Bridge деп аталған. Жаңартылған бағдарлама жасанды интеллектке, цифрлық технологияларға және оларды бизнесте, мемлекеттік басқаруда және басқа салаларда қолдануға арналған.
Бірінші күнгі іс-шаралар шақыру бойынша өтеді
1 қазанда мемлекеттік органдар басшыларының, халықаралық делегациялар мен технология саласы өкілдерінің қатысуымен арнайы бағдарлама өтеді. Бұл күнгі іс-шараларға тек шақыру бойынша қатысуға болады.
Негізгі іс-шаралардың бірі Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысы болады. Қатысушылар Қазақстандағы ЖИ экожүйесін дамытуды, мемлекеттік саясатты іске асыруды және цифрлық экономикаға мамандар даярлауды талқылайды.
Ашық бағдарлама 2–3 қазанда өтеді
Форумның негізгі бағдарламасы 2 және 3 қазанда билет иелеріне қолжетімді болады. Ұйымдастырушылар 20 мыңнан астам қатысушы келеді деп күтеді.
Алаңда халықаралық сарапшылардың, кәсіпкерлердің, инвесторлар мен технологиялық компаниялар өкілдерінің баяндамалары және панельдік сессиялар өтеді.
Көрме аймағында 100-ден астам компания жасанды интеллект, робототехника және цифрлық сервистер саласындағы әзірлемелерін таныстырады.
Стартаптар 100 мың $ үшін бақ сынайды
Форум аясында Astana Hub Battle 2026 халықаралық байқауы өтеді. Стартаптар өз жобаларын инвесторларға, сала сарапшыларына және халықаралық қазылар алқасына таныстырады.
Байқаудың жүлде қоры 100 мың $ болады. Бағдарламаға Қазақстанның технологиялық жобаларына арналған AI & Digital Bridge Awards сыйлығы да кіреді.
Форум 2018 жылдан бері өткізіліп келеді
Жеті жыл ішінде Digital Bridge іс-шараларына 100 елден 127 мыңнан астам адам қатысты. Форумда 1 500-ден астам спикер сөз сөйлеп, 600-ден астам стартап таныстырылды.
AI & Digital Bridge 2026 форумын Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub және Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, форум бюджет қаражатын тартпай өткізіледі.