«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен Грузияның Цифрлық басқару агенттігі ақпараттық‑коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат Астанада өткен AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы аясында рәсімделді.
Тараптар тәжірибе алмасады
Қазақстан мен Грузия цифрлық даму саласындағы тәжірибе және үздік практикалармен алмасуға келісті. Тараптар бірлескен бастамаларды да іске асыруды жоспарлап отыр.
Мемлекеттік қызметтерді цифрлық трансформациялау негізгі бағыттардың бірі болады. Қазақстандық және грузиялық мамандар электрондық үкіметті, цифрлық сервистер мен заманауи технологиялық шешімдерді дамыту тәсілдерін зерттейді.
Мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылына көңіл бөлінеді
Тараптар цифрлық сервистерді дамытып, мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын күшейтуді көздеп отыр.
Алдағы уақытта Қазақстан мен Грузия цифрлық қызметтер мен технологиялық шешімдер саласындағы бірлескен жобаларды іске қосу мүмкіндігін қарастырады.
Ынтымақтастық бұған дейін талқыланған
Ынтымақтастықтың негізі БҰҰ-ның мемлекеттік қызметтер жөніндегі дүниежүзілік форумы кезінде қаланды. Сол кезде Қазақстан мен Грузия өкілдері цифрлық трансформация саласындағы өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарын талқылады.