Business
3 күн бұрын, 15:36

Қазақстан жасанды интеллектіні пайдалану деңгейі бойынша әлемнің үздік 30 елі қатарына енді

127 рет қаралды

Қазақстан жасанды интеллектіні пайдалану деңгейі жоғары елдердің қатарына енді. Бұл туралы OpenAI делегациясының Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевпен кездесуі қорытындысында белгілі болды.


Кездесу барысында тараптар жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамыту, бірлескен білім беру бастамаларын іске қосу, ChatGPT Edu платформасын енгізу және серіктестіктің алдағы бағыттарын талқылады. Сонымен қатар OpenAI өкілдері Қазақстандағы ChatGPT қолданылуына қатысты талдамалық деректерді таныстырды.


OpenAI мәліметінше, Қазақстан жан басына шаққандағы ChatGPT тұтынушылық нұсқасын пайдалану көрсеткіші бойынша Орталық Азияның басқа елдерінен айтарлықтай озық. Салыстыру үшін, жаһандық рейтингте Қырғызстан 52-орында, Өзбекстан 58-орында тұр.


Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану қазақстандық қоғамның жаңа технологияларды тәжірибеде қолдануға дайын екенін көрсетеді.

 

«Бүгінде азаматтар жасанды интеллектіні оқу, жұмыс міндеттерін орындау, ақпарат іздеу және контент жасау үшін белсенді түрде пайдаланып келеді. Мұндай деңгейдегі енгізілу білім беру, бизнес және мемлекеттік басқару салаларына жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге берік негіз қалайды», деді ол.

 

OpenAI ұйымының білім беру саласындағы халықаралық бағыт жетекшісі Валери Фоккенің сөзінше, Қазақстан жасанды интеллектіні белсенді енгізіп жатқан елдердің қатарына кіреді. Ол ChatGPT қолдану деңгейінің жоғары болуы, жастардың белсенділігі және ерлер мен әйелдер арасындағы пайдаланушылар үлесінің теңдей болуы білім беру бастамаларын дамытуға қолайлы жағдай жасайтынын атап өтті.

 

Қазақстандықтар ChatGPT-ті қалай пайдаланады

OpenAI талдауына сәйкес, Қазақстандағы пайдаланушылар ChatGPT-ке көбіне практикалық кеңес алу, мәтін жазу және редакциялау, ақпарат іздеу, сондай-ақ жұмыс міндеттерін шешу үшін жүгінеді.


Хабарламалардың 42%-дан астамы сұрақ немесе ақпарат сұрау түрінде беріледі. Шамамен 32% нақты тапсырманы орындауға бағытталса, тағы 26%-ы өзін-өзі таныту мен контент жасауға қатысты.


Жасанды интеллектіні пайдаланудың негізгі қозғаушы күші жастар болып отыр. 18–24 жас аралығындағы пайдаланушылар барлық хабарламалардың 36,2%-ын қалыптастырса, 25–34 жас тобының үлесі 35,8%-ды құрайды. Жалпы алғанда, 18–34 жас аралығындағы пайдаланушылар барлық сұраныстардың 72%-ын жібереді.


Сонымен қатар жас пайдаланушылар жасанды интеллектіні көбіне мәтіндермен және мультимедиамен жұмыс істеу үшін қолданса, 25–34 жас аралығындағы аудитория техникалық көмек алу мен қолданбалы міндеттерді шешуге жиірек жүгінеді.