Business
10.03.2026, 15:00

Қазақстандағы ең ірі IT-хакатон бір уақытта 20 қалада өтеді

84 рет қаралды

2026 жылғы 27 наурыз бен 5 сәуір аралығында Қазақстанда Decentrathon 5.0 — елдегі ең ірі хакатон өтеді. Ұйымдастырушылар — Astana Hub және Blockchain & AI Technology Center (BAITC). Іс-шара Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылады.


Хакатон 20 қаланың технологиялық қауымдастығын біріктіріп, алғашқы ұлттық Digital Qazaqstan технологиялық форумының бір бөлігіне айналады.

 

Digital Qazaqstan форумы аясындағы бастау

Decentrathon 5.0-дің ресми ашылуы 27 наурызда Шымкент қаласында, Digital Qazaqstan форумы өтетін күні ұйымдастырылады. Ашылу рәсімі аясында мерекелік бағдарлама және хакатон форматының таныстырылымы жоспарланған.

 

Офлайн басталғаннан кейін командалар жұмысты онлайн форматта жалғастырады. Тоғыз күн бойы қатысушылар жобаларды әзірлеп, сараптамалық қолдау алып, финалдық таныстырылымға дайындалады.

 

3000 әзірлеуші және 20 қала

Биылғы маусымда хакатон бір уақытта 20 қалада өтеді: Шымкент, Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Семей, Өскемен, Қонаев, Талдықорған, Тараз, Түркістан және Орал.

 

3000-нан астам әзірлеуші мен 1500 команда қатысады деп күтілуде. Қатысушылар екі негізгі бағыт бойынша шешімдер әзірлейді — AI және Blockchain.

 

Цифрландыру жылы аясында

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевтің айтуынша, хакатон елдің технологиялық экожүйесін дамытуда маңызды рөл атқарады.

 

«Бұл — еліміздегі ең ірі IT-іс-шаралардың бірі, ол бірнеше жыл бойы Қазақстанның барлық өңірлерінен әзірлеушілерді біріктіріп келеді. Мұндай формат адами капиталды біріктіруге және жасанды интеллект саласындағы сараптаманы күшейтуге мүмкіндік береді. Президент белгілеген цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы басымдықтарға сәйкес, кәсіби қауымдастықты отандық цифрлық шешімдерді дамытуға және ілгерілетуге тарту ерекше маңызға ие. Әлемде краудсорсинг тәсілдеріне сұраныс артып келеді және бұл тәжірибе ұлттық практикаға айналуы маңызды. Бұл технологиялық өнімдердің сапасы мен сұранысына қосымша серпін береді», — деді Жаслан Мадиев.

Decentrathon 5.0 Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өткізіледі. Ұйымдастырушылар бастама отандық цифрлық технологияларды дамытуға және жаңа буын IT-мамандарды қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

 

Қатысу шарттары мен тіркелу туралы ақпарат хакатонның ресми парақшасында жарияланған.