Business
13.03.2026, 11:00

Мұнай бағасының өсуі: бұл Қазақстан экономикасы үшін нені білдіреді

134 рет қаралды

Әлемдік мұнай бағасы қайтадан барреліне 100 $ деңгейінен асты. Энергетикалық нарықтағы құбылмалылық аясында шикізат құны күрт өсіп, бұл Қазақстанның кірістеріне және жалпы экономикасының жағдайына әсер етуі мүмкін.

 

Мұнай қайтадан 100 $-дан жоғары

Астана уақытымен сағат 07:50-дегі сауда деректеріне сәйкес, Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың мамыр айындағы фьючерстерінің бағасы 14,57 %-ға өсіп, барреліне 100 $-дан асты. Осы уақытта WTI маркалы мұнайдың сәуір айындағы фьючерстері 14,06 %-ға қымбаттап, барреліне 95,18 $ болды.

 

Бұл соңғы күндері байқалған күрт құбылулардың жалғасы болды. 9 наурызда әлемдік мұнай бағасы 2022 жылдан бері алғаш рет 100 $ деңгейінен асып, Brent бір сәтте барреліне 116–119 $-ға дейін көтерілді. Ал 10 наурызда нарық түзеле басталып, баға қайтадан 95 $-дан төмен түсті. Яғни қысқа уақыт ішінде мұнай бағасы әрі күрт өсуді, әрі айтарлықтай төмендеуді көрсетті. Бұл нарықтың сыртқы факторларға өте сезімтал екенін тағы бір рет дәлелдейді.

 

Мұнай бағасының өсуі Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді

Мұнай бағасының қымбаттауы Қазақстанның мемлекеттік қаржысына оң әсер етуі мүмкін. Шикізаттың жоғары бағасы экспорттық кірістерді арттырып, сауда балансын жақсартады және теңге бағамын қолдайды. Сонымен қатар Ұлттық қорға да қосымша қаражат түсуі мүмкін.

 

Сонымен бірге мұнай нарығындағы жоғары құбылмалылық экономика үшін тәуекелдер де туғызады. Бағаның жиі өзгеруі инфляцияға, инвестициялық белсенділікке және қаржы нарықтарына әсер етуі мүмкін. Мұнай кірістеріне тәуелділік Қазақстан экономикасын әлемдік нарықтағы күрт өзгерістерге сезімтал етеді.

 

Қазақстанның 2026–2028 жылдарға арналған бюджетінде мұнайдың бағасы барреліне 60 $ және доллар бағамы 540 ₸ деңгейінде жоспарланған. Бұл көрсеткіштер экспорттық кірістерді есептеу және бюджет шығыстарын жоспарлау кезінде қолданылады.

 

Министр: нарықтағы құбылмалылық нақты болжам жасауға мүмкіндік бермейді

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мұнайдан түсетін қосымша кірістер мұнай бағасы нақты қай уақытта бекітілетініне байланысты екенін айтты.

 

«Егер танкерлер қазір немесе жақында жүктелсе, Қазақстан, әрине, баға мен табыстың өскенін көреді. Бірақ егер баға 20–30 күннен кейін бекітілсе, мұндай әсер болмауы мүмкін, өйткені мұнай құнын белгілеудің арнайы ережелері бар», — деді министр.

 

Оның айтуынша, бюджетке түсетін қосымша кірістің нақты көлемін қазір алдын ала айту мүмкін емес.

 

«Нақты пайда көлемі жоқ. Мұнай — биржада сатылатын тауар, оның бағасы әр секунд сайын өзгеріп отырады», — деп түсіндірді Ақкенженов.

 

Министрдің сөзінше, мұнай нарығы әлі де тұрақсыз күйде қалып отыр.

 

«Әр таң сайын бағаның өзгергенін көреміз: бір кезде барреліне 119 долларға дейін көтерілді, қазір шамамен 87 долларға түсті. Сондықтан бағаның 80 доллар шамасында болуы мүмкін деген алғышарттар бар», — деді министр.

 

Оның айтуынша, мұнай бағасының әрі қарай қалай өзгеретінін болжау қиын.

 

«Мен бұл жерде болжам жасаушы рөлін алмаймын, мұны болжау мүмкін емес. Парсы шығанағы елдері мен Америкада бензин бағасына бұл қазірдің өзінде әсер етіп жатыр. Біз мұны жаңалықтардан оқып, көріп отырмыз. Қазақстанда — жоқ», — деп түйіндеді Ақкенженов.