Business
Бүгін, 17:37

Казахстандықтар қаржы пирамидаларымен күресуге көмектесе алады

15 рет қаралды

Қазақстанда Қаржылық мониторинг агенттігінің қоғамдық көмекшілері институты жұмыс істей бастады. Азаматтар мемлекетке экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтардың, соның ішінде қаржы пирамидаларының алдын алуға ресми түрде көмектесе алады.


Жаңа механизм 23 мамырдан бастап іске қосылды. Ол қоғамдық көмекші кім бола алатынын, іріктеу қалай өтетінін және мұндай көмекшілерге қандай әрекеттер жасауға рұқсат етілетінін реттейді.

 

Қоғамдық көмекші кім бола алады

Қоғамдық көмекші мәртебесін кәмелетке толған, әрекетке қабілетті және мінсіз беделі бар азаматтар ала алады. Қаржылық мониторинг агенттігі іріктеу кезінде азаматтық жауапкершілік, заңға бағыну және профилактикалық жұмысқа қатысуға дайындық ескерілетінін атап өтті.


Кандидаттарға білім бойынша арнайы талаптар қойылмайды. Міндетті психологиялық тестілеу де енгізілмейді.

 

Бұл ретте қоғамдық көмекші бола алмайтындар:

• кәмелетке толмағандар
• әрекетке қабілетсіз азаматтар
• профилактикалық есепте тұрған адамдар
• өздеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқан азаматтар
• соңғы бір жылда қасақана құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамдар

 

Іріктеу қалай өтеді

Қоғамдық көмекші мәртебесін алу үшін кандидат экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аумақтық бөлімшесіне жазбаша өтініш беруі керек.


Өтінішке жеке куәліктің көшірмесін қоса тіркеу қажет. Өмір мен денсаулықты сақтандыру құжаттарын бар болған жағдайда қоса беруге болады.


Өтініш берілгеннен кейін ведомство кандидатты дерекқорлар арқылы тексереді. Оның ішінде наркологиялық және психоневрологиялық есептердегі мәліметтер де ескеріледі.


Содан кейін материалдар жергілікті әкімдікке жіберіледі. Мәртебе беру туралы соңғы шешімді әкімдік қабылдайды.


Кандидат іріктеуден өтсе, оған қоғамдық көмекшінің куәлігі беріледі. Ол үш жыл бойы жарамды болады.

 

Көмекшілер немен айналыса алады

Қоғамдық көмекшілер тек профилактикалық және түсіндіру жұмыстарына қатысады. Олардың міндеті — халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыруға көмектесу, сондай-ақ экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алуға жәрдемдесу.


ҚМА мұндай көмекшілер жедел іс-шараларға және күш қолдану жұмыстарына қатыспайтынын атап өтті.

 

Олар:

• жасырын түсірілім жүргізе алмайды
• дәлелдемелер жинай алмайды
• құқық бұзушыларды ұстай алмайды
• күш қолдана алмайды
• өздерін ҚМА қызметкерлері ретінде таныстыра алмайды
• астыртын схемаларға ене алмайды

 

Агенттік заңды жәрдем мен заңсыз ақпарат жинаудың арасы ресми өкілеттіктің болуына байланысты айқындалатынын түсіндірді.

 

Көмекшілерге ақы төлене ме

Қағидалар ақпарат бергені үшін тікелей ақшалай сыйақы төлеуді көздемейді.

 

ҚМА қоғамдық көмекшілер институтының негізгі мақсаты құқық бұзушылықтардың алдын алуды дамыту, қаржылық және құқықтық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайту екенін түсіндіреді.

 

Бұл ретте көтермелеу шаралары болуы мүмкін. Төлемдер немесе басқа да қолдау туралы шешімді әкімдіктер қабылдай алады. Бұл жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктеріне байланысты болады.

 

Оқытуды кім жүргізеді

Қоғамдық көмекшілердің жұмысын экономикалық тергеп-тексеру қызметінің қызметкерлері үйлестіріп, оларды оқытады.


Бағдарламаға қатысушылардың дербес деректері құпия сақталады. Есептік істерге тек шектеулі қызметкерлер тобы ғана қол жеткізе алады.