Банктер жеке тұлғалардың шоттарына түскен қаражатта кәсіпкерлік табыстың белгілері болған жағдайда, бұл туралы мемлекеттік кірістер органдарына мәлімет береді.
Бұл барлық аударымға қатысты емес. Туыстар мен достар арасындағы жеке мақсаттағы қалыпты аударымдар тек ақша түсу фактісіне байланысты кәсіпкерлік табыс болып саналмайды.
Мәлімет беру үшін үш шарт қатар орындалуы керек
Банктер мемлекеттік кірістер органдарына мына талаптар бір мезгілде орындалған жағдайда ақпарат жібереді:
- қатарынан үш күнтізбелік айдың әрқайсысында 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша түссе;
- қаражат кәсіпкерлік қызметке арналмаған жеке шотқа аударылса;
- үш айдағы түсімдердің жалпы сомасы белгіленген шектен асса.
2026 жылы шекті сома 360 АЕК немесе 1 557 000 теңгені құрайды. Бұған дейін ол 12 ең төменгі жалақыға, яғни 1 020 000 теңгеге тең болған.
Мәліметтің берілуі айыппұл салынатынын білдірмейді
Банктің ақпаратты анықтап, Мемлекеттік кірістер комитетіне беруі аударымдардың автоматты түрде кәсіпкерлік табыс деп танылатынын білдірмейді.
Салық органдары түсімдердің сипатын, аударымдардың жүйелілігін және олардың тауарлар, жұмыстар немесе қызметтер үшін төлеммен байланысын бағалайды. МКК-дан келген ақпараттық хат та жауапкершілікке тартуды білдірмейді. Ол қызметті салық заңнамасының талаптарына өз бетінше сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Тауарлар мен қызметтер үшін төлемді бизнес-шотқа қабылдау қажет
Іс жүзінде кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғаларға МКК жеке кәсіпкер ретінде тіркелуді, табысты салық есептілігінде көрсетуді және салық міндеттемелерін уақтылы орындауды ұсынады.
Кәсіпкерлер тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үшін қолма-қол ақшасыз төлемдерді бизнеске арналған ағымдағы банктік шотқа қабылдауы керек.
Алынған хатқа немесе түсімдердің сипатына қатысты сұрақтар туындаса, 1414 байланыс орталығына немесе мемлекеттік кірістер органдарына хабарласуға болады.