Міндетті таңбалау енгізілгенге дейін фармацевтикалық нарық заңсыз өнім айналымына осал болып келді. Көлеңкелі сегменттің болуы пациенттер үшін қауіп төндіріп, бюджет кірістерінің төмендеуіне алып келетін. 2024 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан аумағында айналымға шығарылатын дәрілік заттардың әрбір қаптамасы бірегей Data Matrix кодымен таңбаланады. Бұл препараттың өндірістен немесе импорттан бастап соңғы тұтынушыға сатылғанға дейінгі барлық кезеңдегі қозғалысын қадағалауға мүмкіндік берді. Цифрлық таңбалауды енгізу нәтижесінде бюджетке қосымша түсімдер 20 млрд теңгеден асты.
Жүйе сондай-ақ елдің фармацевтикалық нарығы туралы толық әрі нақты көрініс қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бүгінде жүйеде дәрілік заттарды өндіретін 135 отандық өндіруші және 237 шетелдік өндіруші тіркелген. Айналымға 357 импорттаушы, 765 көтерме сауда өткізуші, 5 123 дәріхана ұйымы, 4 785 медициналық ұйым және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясындағы 1 823 жеткізуші қатысады. Цифрлық таңбалаудың арқасында нарықтың әрбір қатысушысы туралы деректер реттеуші органға нақты уақыт режимінде қолжетімді және дәстүрлі есепке алу әдістеріне тән сәйкессіздіктерді болдырмайды.
Екі жыл ішінде жүйе алғаш рет дәрілік заттар айналымының нақты көлемін шынайы бағалауға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда шамамен 1 миллиард дәрілік препарат бірлігі таңбаланды. Оның ішінде шамамен 604 миллион бірлік импорттық дәрілік заттарға, ал 400 миллион бірлік отандық өндірушілердің өніміне тиесілі. Бұл ретте 457 миллионнан астам қаптама айналымнан шығарылып, соңғы тұтынушыларға сатылды. Барлық деректер автоматты түрде қалыптастырылады және қосымша тексерулер мен сұратуларсыз реттеуші органға қолжетімді.
Таңбалауды енгізудің ең маңызды нәтижелерінің бірі күмәнді операцияларды автоматты түрде анықтау болды. Жүйе тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге арналған препараттардың дәріханаларда қайта сатылуына қатысты 25 мыңнан астам жағдайды тіркеді. Мұндай манипуляциялардан келуі мүмкін ықтимал залал 35,2 млн теңгеге бағаланады.
Бұған дейін бұрын сатылған препараттарды қайта сату, қаптамаларды ауыстыру немесе жарамдылық мерзімін заңсыз өзгерту сияқты бұзушылықтар негізінен бақылау тексерістері барысында анықталатын. Бүгінде таңбалау жүйесі мұндай жағдайларды автоматты түрде тіркеп, уәкілетті органдардың жедел әрекет етуі үшін ақпаратты жолдайды.
Іс жүзінде Денсаулық сақтау министрлігі елдің фармацевтикалық нарығын үздіксіз онлайн-мониторингтеуге арналған құралға ие болды. Реттеуші орган дәрілік заттар айналымына қатысушылардың саны туралы өзекті деректерге қол жеткізіп отыр. Жүйе сараптамалық бағалауларға сүйенбей-ақ импорт пен отандық өндірістің нақты көлемін көруге, әрбір қаптаманың қозғалысын қадағалауға және азаматтардан шағым түспей тұрып-ақ аномалды немесе ықтимал тәуекелі жоғары операцияларды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта нарық қатысушылары үшін аналитикалық құралдарды дамыту жоспарлануда. Өндірушілер өз өнімдерінің қозғалысы туралы агрегатталған деректерге қол жеткізе алады. Бұл өндіріс көлемін, логистиканы және дистрибуцияны анағұрлым дәл жоспарлауға мүмкіндік береді.
Дәрілік заттарды цифрлық таңбалау Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялаудың негізгі элементтерінің біріне айналды. Ол нарықтың ашықтығын қамтамасыз етіп, пациенттердің қауіпсіздігін арттырды және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сапасына бақылауды күшейтті.
Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы