Таңбалау
02.09.2026, 10:30

1 қыркүйектен бастап Қазақстанда автокөліктерге арналған майлау материалдары мен техникалық сұйықтықтарды міндетті таңбалау басталды

137 рет қаралды

Бірыңғай тауарларды таңбалау және қадағалау операторы нарық қатысушыларына Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі бекіткен «мотор майлары» тауарлар тобын таңбалау қағидаларына енгізілген өзгерістер туралы хабарлайды. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап таңбалауға жататын тауарлар тізбесі кеңейтілді. Енді бұған дейін таңбалау аясында болмаған СЭҚ ТН-ның 27, 34 және 38-топтарына жататын майлау материалдары, антифриздер және арнайы сұйықтықтар міндетті таңбалауға жатады.

 

Бұл шара отандық нарықты жасанды және контрафактілік өнімдерден қорғауға, адал кәсіпкерлерді қолдауға, тауарлардың импорты мен сатылуының ашықтығын арттыруға, сондай-ақ тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Қазақстан Республикасында майлау материалдарын міндетті таңбалауды енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде, 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап, көрсетілген күннен бастап өндірілген мотор майлары таңбалануға тиіс (СЭҚ ТН кодтары: 2710198200, 3403191000, 3403199000, 3403990000). Екінші кезеңде, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап, СЭҚ ТН-нің 27, 34 және 38-топтарына жататын өзге де майлау материалдарының, антифриздер мен арнайы сұйықтықтардың кең тізбесі үшін таңбалау міндетті болады.

 

Тауар тобының бүкіл жеткізу тізбегі бойынша — импорттаушыдан немесе өндірушіден бастап түпкілікті бөлшек саудада айналымнан шығарылғанға дейін — толық қадағалануы 2027 жылғы 1 ақпаннан бастап өндірілген осы санаттағы тауарлар үшін енгізіледі.

 

Заңды қызметін жалғастыру үшін майлау материалдарының және арнайы автомобиль сұйықтықтарының жекелеген түрлері айналымының барлық қатысушылары (бөлшек сауда дүкендерін, ЖҚС пен дилерлік орталықтарды қоса алғанда) https://tanba.markirovka.kz/registration сілтемесі бойынша Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесінде (ТТҚ ЦЖ) міндетті тіркеуден өтуі тиіс.

 

Еске сала кетсек, таңбалауға жататын тауарлар тізбесін кеңейту және оған майлау материалдарын енгізу Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 22 қарашадағы № 330-НҚ «Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушының 2024 жылғы 27 қыркүйектегі № 343-НҚ «Таңбалауға жататын тауарлар тізбесін айқындау туралы» бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» бұйрығымен жүзеге асырылды.

 

Айналым қатысушыларына техникалық және консультациялық қолдауды Бірыңғай оператор тұрақты негізде жүзеге асырады. Оқыту материалдары, нұсқаулықтар және жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар tanba.telecom.kz ресми сайтының тиісті бөлімінде қолжетімді.

 

ТТҚ ЦЖ Бірыңғай операторының техникалық қолдау қызметі:

Сенім телефоны: 8 800 080 65 65

Электрондық пошта: mark@mycloud.kz

Telegram-арна/бот: +7 708 825 32 72

WhatsApp: +7 700 198 87 57

logo Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы
Сайтқа өту