Бірыңғай тауарларды таңбалау және қадағалау операторының өкілдері «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарына жұмыс сапарымен барды. Жергілікті өндірушілер, дистрибьюторлар және бөлшек сауда өкілдері үшін тауарларды цифрлық таңбалау мәселелеріне арналған тәжірибелік семинарлар ұйымдастырылды.
Сарапшылар тауарларды міндетті таңбалаудың қандай мақсатта енгізіліп жатқанын, оның нарықты контрафактілік өнімнен қалай қорғайтынын және тауар айналымының ашықтығын қалай арттыратынын түсіндірді. Қатысушыларға таңбаланған өніммен жұмыс істеудің кезең-кезеңімен орындалатын алгоритмдері – Data Matrix кодтарына тапсырыс беруден бастап, бөлшек сауда кезінде оларды айналымнан шығаруға дейін көрсетілді.
Бизнес өкілдеріне ҰТК-ның функционалдық мүмкіндіктері де таныстырылып, тауарларды сипаттау қағидалары және кейіннен таңбалау үшін қажетті тауар карточкаларын қалыптастыру тәртібі түсіндірілді.
Кәсіпкерлер мамандарға есепке алу жүйелерін интеграциялау, түрлі тауар топтары бойынша талаптарды енгізу мерзімдері және жүйемен жұмыс істеудің басқа да техникалық аспектілері жөнінде сұрақтар қойды.
Өткізілген кездесулер өңірлік бизнестің сарапшылардан тікелей сенімді әрі өзекті ақпарат алуға деген қызығушылығы жоғары екенін көрсетті. Өскемен және Павлодар қалаларындағы семинарлар реттеуші органдар, Бірыңғай таңбалау операторы және кәсіпкерлік қоғамдастық арасындағы тікелей диалог алаңына айналды.
Тауарларды таңбалау және қадағалаудың бірыңғай операторы мен «Атамекен» ҰКП бизнестің жаңа жұмыс стандарттарына біртіндеп көшуін қамтамасыз ету, тәуекелдерді азайту және кәсіпкерлерге нарықты цифрландыру талаптарына бейімделуге көмектесу мақсатында өңірлерде көшпелі оқыту іс-шараларын өткізуді жалғастырады.
Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы