Таңбалау
Бүгін, 10:56

Қазақстандық кәсіпкерлер тағы төрт тауар тобына ресейлік таңбалау кодтарына тапсырыс бере алады

2 рет қаралды
Қазақстанда ресейлік таңбалау кодтарына тапсырыс беру сервисінің мүмкіндігі кеңейді. Енді қазақстандық өндірушілер мен экспорттаушылар сүт өнімдеріне, алкогольсіз сусындарға, бакалея тауарларына және ветеринарияда қолданылатын дәрілік препараттарға таңбалау кодтарын ала алады.

 

Кәсіпкерлер осы сервис арқылы Ресей нарығына жеткізілетін өнімге таңбалау кодтарын Tañba бірыңғай тауарларды таңбалау және қадағалау операторы арқылы тапсырыс беріп ала алады. Бұл мүмкіндік маркетплейстер арқылы сатылатын өнімдерге де қолданылады.

 

Бұл тетік Ресейде белгілі бір тауарларды міндетті таңбалау талабы күшіне енген, ал Қазақстанда мұндай талап әлі енгізілмеген жағдайда кәсіпкерлерге өнім жеткізілетін елдің талаптарын орындауға көмектеседі. Кодтарды ресейлік оператор – «Оператор-ПТДО» ЖШҚ қалыптастырады. Tañba бірыңғай оператор екі елдің ұлттық жүйелерінің өзара іс-қимылы арқылы қазақстандық кәсіпкерлердің осы кодтарға тапсырыс беруін және оларды алуын қамтамасыз етеді. Кәсіпкерлер алынған кодтарды Ресейге жеткізуге арналған өнімге түсіреді.

 

«Қазақстандық кәсіпкерлердің сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігі болып, өз өнімдерін тарату көлемін ұлғайта алуы біз үшін маңызды. Таңбалау талаптарындағы айырмашылықтар отандық өндірушілер мен экспорттаушыларға кедергі болмауға тиіс. Бүгінде Tañba бірыңғай оператор арқылы 20 тауар тобы бойынша ресейлік таңбалау кодтарына тапсырыс беруге болады. Бұл – бизнесті қолдаудың нақты құралы. Ол кәсіпкерлерге Ресей нарығының талаптарын орындауға, қажетті кодтарды өз елімізде алуға және делдалдарға жүгінбей-ақ өнімдерін экспортқа дайындауға мүмкіндік береді», – деді Бірыңғай тауарларды таңбалау және қадағалау операторының департамент директоры Нұрлыбек Исабеков.

 

Қазіргі таңда Tañba бірыңғай операторы арқылы мына тауар топтары бойынша да ресейлік таңбалау кодтарына тапсырыс беруге болады: парфюмерия өнімдері, шиналар мен доңғалақ қаптамалары, фотоаппараттар мен фотожарқыл құрылғылары, косметика мен тұрмыстық химия тауарлары, балаларға арналған ойындар мен ойыншықтар, қапталған ауызсу, жануарларға арналған жем, бекіре және албырт тұқымдас балықтардың уылдырығы, велосипедтер мен велосипед жақтаулары, құрылыс материалдарының жекелеген түрлері, антисептиктер мен дезинфекциялау құралдары, кондитерлік өнімдер, спорттық тағамдар, консервілер, өсімдік майлары және жеңіл өнеркәсіп тауарлары.

 

Ресейлік таңбалау кодтарына https://mzkm.kz/ сайтында тапсырыс беруге болады.

logo Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы
Сайтқа өту