Таңбалау
30.10.2026, 09:11

Тікелей мәмілелер мен жаңа нарықтар: Agromarket.asia платформасы AgroWorld Qazaqstan 2026 көрмесінде таныстырылды

48 рет қаралды

Цифрлық сервистердің фермерлерге сатып алушыларды табуға және жаңа нарықтарға шығуға қалай көмектесетіні Алматы қаласында өткен AgroWorld Qazaqstan 2026 халықаралық көрмесінде талқыланды. Agromarket.asia платформасының мүмкіндіктерін «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС Цифрлық сервистер департаментінің директоры Інкәр Хусаинова таныстырды.

 

Баяндама «Атакент» қазақстандық іскерлік ынтымақтастық орталығында өткен «Women in AgroBusiness: бизнесті дамытып, аграрлық саланы өзгертетін әйелдер» сессиясы аясында жасалды. Қатысушылар ауыл шаруашылығында технологияларды іс жүзінде қолдану, сауданы дамыту және агробизнесті басқарудағы әйелдердің рөлін талқылады.

 

Agromarket.asia платформасын «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен көтерме сатып алушылардың тікелей өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында әзірледі. Платформа сауда, логистика және қаржы сервистерін біріктіреді. Пайдаланушылар бірыңғай интерфейс арқылы серіктестер тауып, төлем шоттарын ұсына алады, электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдаланып электрондық шарттар жасасып, өнім жеткізуді ұйымдастыра алады.

 

Шағын фермерлік және жеке қосалқы шаруашылықтар үшін мұндай құралдар сатып алушылар аясын кеңейтуге және делдалдарға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Көкөніс, жеміс-жидек, бал және сүт өнімдерін өндірушілер сауда желілерімен және көтерме тапсырыс берушілермен, соның ішінде өз өңірінен тыс жерлердегі сатып алушылармен тікелей байланыс орната алады.

 

Agromarket.asia қызметінің негізгі бағыттарының бірі – Орталық Азиядағы трансшекаралық сауданы дамыту. Платформаға Тәжікстаннан жеткізушілер қосылды. Бұл тәжірибе бірыңғай цифрлық алаңның әртүрлі елдердегі өндірушілер мен сатып алушыларға бірін-бірі табуға және сауда байланыстарын орнатуға қалай көмектесе алатынын көрсетеді.

 

«Біз Agromarket.asia платформасын фермерлердің нақты қажеттіліктеріне бейімделген, икемді әрі үнемі дамып отыратын құрал ретінде әзірледік. Платформа шекаралық кедергілерді жойып, делдалдар тізбегін қысқартады. Осылайша өңірлік өндірушілер мен шағын шаруашылықтарға жаңа нарықтарға тікелей шығуға және трансшекаралық саудаға қатысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз әйелдердің бұл өзгерістерге қаншалықты белсенді атсалысып жатқанын көріп отырмыз. Бүгінде агробизнес заманауи, технологиялық әрі ашық салаға айналып келеді. Ал өзара қолдау мен цифрлық сервистер кәсіпкер әйелдерге өз жобаларының ауқымын сенімді түрде кеңейтуге көмектеседі», – деп атап өтті Інкәр Хусаинова өз сөзінде.

 

Сессия барысында әйелдердің аграрлық секторды дамытуға қатысуына ерекше назар аударылды. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының деректеріне сәйкес, әйелдер әлемдік агроазық-түлік жүйелерінде жұмыс істейтіндердің 42%-ын құрайды. Қазақстанда Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылғандардың шамамен 40%-ы – әйелдер. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша әйелдер тіркелген 74,7 мың ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші субъектіні басқарған. Бұл олардың жалпы санының төрттен бірінен астамын құрайды.

 

Қатысушылар әйелдер кәсіпкерлігін одан әрі дамытудың маңызды шарттары ретінде цифрлық және қаржылық құралдарға қолжетімділікті, тәлімгерлікті және кәсіби өзара қолдауды талқылады. Мұндай мүмкіндіктер кәсіпкер әйелдерге бизнесті жүргізудің жаңа тәсілдерін меңгеруге, өткізу нарықтарын кеңейтуге және халықаралық саудаға қатысуға көмектеседі.

 

«Біз әйелдердің агробизнестегі технологиялық өзгерістерге қаншалықты белсенді араласып жатқанын байқап отырмыз. Цифрлық сервистер мен өзара қолдау олардың өз жобаларын сенімдірек дамытуына және жаңа нарықтарға шығуына ықпал етеді», – деп атап өтті Інкәр Хусаинова.

 

Платформа туралы қосымша ақпаратты agromarket.asia сайтынан алуға болады.

 

logo Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы
Сайтқа өту