Таңбалау
17.04.2026, 17:13

Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау тұтынушылар мен адал бизнесті қалай қорғайды

157 рет қаралды

Орталық коммуникациялар қызметінде отандық жеңіл өнеркәсіпті дамыту және тауарларды міндетті цифрлық таңбалауды енгізу мәселелеріне арналған брифинг өтті. Баяндамамен Бірыңғай тауарларды таңбалау және қадағалау операторының жоба жетекшісі Ерлан Қарабаев сөз сөйледі.

 

Пилоттық жобалардың қорытындылары мен реттеушілік ықпалға жүргізілген талдау нәтижесінде жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалауды кезең-кезеңімен енгізу туралы шешім қабылданды. Бірінші кезең 2026 жылғы 1 желтоқсанда басталып, тауарлардың 10 кодын қамтиды. Екінші кезең 2027 жылғы 1 наурыздан бастап тағы 10 кодқа кеңейтіледі. Үшінші кезең 2027 жылғы 1 қазаннан бастап іске қосылып, СЭҚ ТН-ның тағы 11 кодын қамтиды.

 

Брифинг барысында цифрлық таңбалаудың нарықтың ашықтығын арттыру мен заңсыз айналым үлесін азайтудың негізгі құралдарының бірі ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды. Цифрлық таңбалаудың бірыңғай операторының өкілі атап өткендей, жүйені енгізу үшін қажетті технологиялық база қазірдің өзінде қалыптастырылған.

 

«Жеңіл өнеркәсіптегі цифрлық таңбалау – нарықтың ашықтығын арттыруға арналған жүйелі құрал. Бірыңғай операторда өзге де тауар топтары бойынша таңбалауды енгізудің практикалық тәжірибесі бар, барлық үдерістер пысықталған және тиісті инфрақұрылым жолға қойылған. Бұл жүйені ауқымды түрде енгізуге толық техникалық дайындық бар екенін білдіреді. 2026 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізу бизнеске бейімделуге қажетті уақыт береді. Сонымен қатар бұл адал бәсекелестікке жағдай жасап, заңсыз айналым көлемін азайтуға және тұтынушылар сенімін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Ерлан Қарабаев.

 

Таңбалау жүйесі тауар айналымын бақылаудың тиімді құралына айналып, жеткізу тізбегінің ашықтығын қамтамасыз етеді, салық түсімдерінің жиналуын арттырады және заңсыз өнімді жедел анықтауға мүмкіндік береді. Нақты уақыт режимінде қолжетімді сенімді деректер мемлекеттік органдарға неғұрлым дәл басқарушылық шешімдер қабылдауға, көлеңкелі айналымды қысқартуға және нарықта бизнесті өркениетті жүргізу қағидаларын қалыптастыруға жағдай жасайды.

 

Цифрлық таңбалау нарықтың барлық қатысушылары үшін тең жағдай қалыптастырады: отандық өндірушілер импорттаушылармен контрафактілік өнімнің төмендетілген бағамен сатылуынан қауіптенбей, адал бәсекеге түсе алады. Бұдан бөлек, жүйе ЕАЭО аясындағы трансшекаралық сауданы жеңілдетіп, кәсіпкерлерге нарық бойынша ашық аналитикаға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

 

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін Naqty Onim тегін мобильді қосымшасы әзірленген. Оның көмегімен жеңіл өнеркәсіп тауарларын сатып алушы кез келген адам дүкеннің өзінде тауардағы кодты сканерлеп, өндіруші, шығарылған елі және өнімнің заңдылығы туралы ақпаратты лезде ала алады. Егер қандай да бір заңбұзушылық анықталса, пайдаланушы қосымша арқылы тікелей өтініш жолдай алады, ал ол реттеуші органдардың қарауына жіберіледі.

 

Жеңіл өнеркәсіп тауарларынан бөлек, биыл Қазақстанда биологиялық белсенді қоспалар мен зергерлік бұйымдарды таңбалауды енгізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда дәрілік заттар, темекі өнімдері, аяқ киім, сыра, мотор майлары және киік мүйіздері міндетті таңбалауға жатады. Пилоттық режимде медициналық мақсаттағы бұйымдарды, тұрмыстық химия мен косметиканы, сондай-ақ өсімдік майын таңбалау сынақтан өтіп жатыр. Газ баллондары мен ағаш өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жобалар аяқталды.


logo Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы
Сайтқа өту