Қазақстандық Agromarket.asia цифрлық платформасында ауыл шаруашылығы өнімдерін сату және сатып алу бойынша 2,6 мыңнан астам хабарлама жарияланған. Бүгінде платформа Орталық Азия елдерінің аграрлық нарығындағы 515 қатысушыны біріктіріп отыр. Бұл туралы «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС департамент директоры Инкар Хусаинова 19 қыркүйекте Өзбекстан Республикасының Қарақалпақстан өңірінде өткен халықаралық TechnoWomen форумында мәлімдеді.
«Шекарасыз экспорт: Орталық Азия бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер» панельдік сессиясы барысында ол Agromarket.asia платформасы арқылы жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асатын төрт мәміле жасалғанын да атап өтті.
Платформада электрондық құжат айналымы, логистикалық қызметтер және банктік сервистер қолжетімді. Бұл мәміленің барлық кезеңін бірыңғай цифрлық ортада сүйемелдеуге мүмкіндік береді. AgroMarket бастапқы кезден-ақ ішкі нарық шеңберінен шығып, Орталық Азиядағы трансшекаралық сауданы дамыту перспективасын ескере отырып құрылған. Мұндай тәсіл жобаны қолдап отырған Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) өңірлік күн тәртібіне сәйкес келеді. Банк мемлекетаралық цифрлық платформаларды дамытуға, өңір елдерінің экономикаларын ықпалдастыруға, сондай-ақ көлік-логистикалық және сауда дәліздерін дамытуға ерекше көңіл бөледі.
Платформадағы халықаралық есеп айырысуларды дамытуда Freedom Bank маңызды рөл атқарады. 2026 жылғы наурызда рәсімделген серіктестік аясында банк жобаның негізгі қаржылық серіктесіне айналып, трансшекаралық мәмілелерді қауіпсіз жүргізуге арналған шешімдерді дамытуға атсалысып келеді. Атап айтқанда, халықаралық саудаға қатысушылар үшін эскроу-шоттар тетігін енгізу мәселесі бірлесіп пысықталуда. Тәжікстаннан қатысушылар үшін эскроу-шоттарды онлайн ашу мүмкіндігін 2026 жылғы қазан айының ортасына дейін іске қосу жоспарланып отыр.
Алғашқы нақты трансшекаралық мәмілелер де жүзеге асырылды. 2026 жылғы шілдеде платформа арқылы Тәжікстаннан Arbuz.kz онлайн-супермаркетіне жүзім жеткізілді. Қазіргі кезеңде Тәжікстаннан Қазақстанға тауар импорттау бойынша мәмілелер жүзеге асырылуда, ал экспорттық бағытты дамыту 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған.
Өзбекстанда да платформаны дамыту және жергілікті аграрлық нарық қатысушыларын қосу бағытында әлеуетті серіктестермен жұмыс жүргізілуде. Нүкісте өткен агроплатформа таныстырылымы форум қатысушыларының, сондай-ақ бизнес және технологиялық қауымдастық өкілдерінің қызығушылығын тудырды.
Талқылау барысында аграрлық сауданы цифрландыру, жаңа сатып алушылар мен жеткізушілерді табу, логистиканы және қаржы құралдарын дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көршілес елдердің нарықтарына шығуына жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Agromarket.asia жобасы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) қолдауымен жүзеге асырылуда. Платформа аграрлық нарық қатысушыларын біріктіріп, ауыл шаруашылығы өнімдерімен, соның ішінде трансшекаралық форматта сауда жасауға арналған цифрлық инфрақұрылым қалыптастырады.
Осындай цифрлық шешімдерді дамыту өңірлік цифрлық интеграцияның жалпы бағытымен үндеседі. ЕАДБ цифрлық платформаларды дамыту мен агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаларды қолдауды өз қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде атап көрсетеді.
Қазақстандық агроплатформаның Нүкістегі форумға қатысуы Қазақстанның тәжірибесін таныстыруға және Өзбекстан өкілдерімен Орталық Азия елдері арасындағы аграрлық саудаға арналған цифрлық құралдарды одан әрі дамыту мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.
Анықтама үшін: халықаралық TechnoWomen форумы 2026 жылғы 19 қыркүйекте Нүкіс қаласында өтті. Іс-шараға Қазақстан мен Өзбекстанның бизнес, технология және білім беру салаларының өкілдері қатысты. Форум бағдарламасында экспорт, жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және Орталық Азия бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктерге арналған пікірталастар өтті.
Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы