Таңбалау
23.10.2026, 09:35

Қазақстанда қыркүйек айынан бері 120 мыңнан астам биологиялық белсенді қоспа таңбаланды

18 рет қаралды
2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) цифрлық таңбалау міндетті болды. Алматыда өткен Nutricon 2026 форумының пленарлық отырысында Tañba тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесінің Бірыңғай операторының жоба жетекшісі Бауыржан Мырзатаев таңбалау жұмыстарының алғашқы нәтижелері мен алдағы жоспарлар туралы айтып берді.

 

Бүгінде жүйеге өндірушілер, импорттаушылар және бөлшек сауда өкілдерін қоса алғанда, 420 қатысушы тіркелген. 3 500-ден астам тауар карточкасы жасалып, өнімдерге 120 мыңнан астам таңбалау коды қойылды. Дегенмен нарықта әлі де таңбаланбаған биологиялық белсенді қоспалар бар. Себебі олардың бір бөлігі 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін өндірілген.

 

Жаңа талапқа сәйкес, міндетті таңбалауға жататын әрбір өнімнің қаптамасына бірегей Data Matrix коды қойылады. Бұл талап 2026 жылғы 1 қыркүйектен кейін өндірілген биологиялық белсенді қоспаларға ғана қатысты. Ал осы күнге дейін шығарылған өнімдерді, тіпті Қазақстанға кейін әкелінсе де, таңбалау міндетті емес.

 

«Қазақстанда биологиялық белсенді қоспалар нарығы өсіп келеді. Сондықтан тұтынушы қандай өнім сатып алып жатқанын білуі маңызды. Цифрлық таңбалау арқылы 2026 жылғы 1 қыркүйектен кейін өндірілген қоспалардың түпнұсқалығын және заңды айналымда екенін тексеруге болады. Ол үшін тегін Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы қаптамадағы Data Matrix кодын сканерлеу жеткілікті. Егер осы күннен кейін шығарылған өнімде таңбалау коды болмаса немесе код оқылмаса, тұтынушы қосымша арқылы шағым жолдай алады», – деді Бауыржан Мырзатаев.

 

Қазір бөлшек саудада сатылған таңбаланған өнімдерді айналымнан шығару міндетті. Бұл процесс автоматты түрде жүзеге асады. Кассалық аппараттар таңбалау жүйесімен біріктірілгендіктен, тауар сатылған кезде оның коды сканерленіп, ақпарат жүйеге бірден жіберіледі. Сондықтан өнімді айналымнан шығару үшін қосымша әрекет жасаудың қажеті жоқ.

 

Келесі кезең 2027 жылғы 1 наурызда басталады. Осы күннен бастап таңбаланған өнімдердің қозғалысын міндетті түрде қадағалау талабы күшіне енеді. Яғни биологиялық белсенді қоспалар бір қатысушыдан екіншісіне берілген сайын бұл ақпарат жүйеде тіркеледі. Осылайша өнімнің өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап бөлшек саудада сатылғанға дейінгі бүкіл жолын бақылауға мүмкіндік туады.

 

«Таңбалау жүйесімен жұмыс істеу үшін нарық қатысушылары алдымен тіркеліп, өз қызметіне сәйкес рөлдерді таңдауы керек. Мысалы, компания өнімді шетелден әкеліп, оны көтерме және бөлшек саудада сататын болса, осы үш бағыттың барлығын көрсетуі қажет. Ал өндірушілер мен импорттаушылар ассортименттегі әрбір өнімге жеке карточка ашып, таңбалау кодтарына тапсырыс береді және олардың қаптамаға қойылғаны туралы есеп ұсынады», – деп түсіндірді Бауыржан Мырзатаев.

 

Айта кетейік, Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды айналымға шығаруға рұқсат беретін негізгі құжат – мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (МТК). Өнімді таңбалау жүйесіне тіркеу үшін бұл құжаттың болуы міндетті. Жарамды мемлекеттік тіркеу куәлігі болмаса, Data Matrix кодтарын алу мүмкін емес.

 

logo Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы
Сайтқа өту