Пікірталасқа мемлекеттік басқару, авиация, көлік-логистика саласы, кәсіпкерлік және технологиялық бизнес өкілдері, яғни сегіз әйел қатысты. Қатысушылар әйелдердің мансаптық мүмкіндіктерін, әлі де кездесетін гендерлік кедергілерді, кәсіби құзыреттерді дамыту мәселелерін және технологиялық трансформацияның еңбек нарығына ықпалын талқылады. Инкар Хусаинова «Цифрландыру: жаңа мүмкіндіктер, жаңа кедергілер» тақырыбындағы баяндамасында цифрлық білімнің, заманауи платформалар мен жасанды интеллект құралдарының қолжетімділігі идеяны іс жүзінде жүзеге асыруға дейінгі жолды едәуір қысқартып, қызметтің жаңа бағыттарын игеруге және өз өнімдерін жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Әйелдердің цифрлық экономикаға қатысу көрсеткіштері осы өзгерістердің маңызды дәлелі болып отыр. Astana Hub резиденті саналатын 300-ден астам компанияны әйелдер басқарады, IT мамандықтарында оқитын қыздардың саны 3,4 есе өсті, ал өңірдегі IT-компаниялардың жоғары буын басшылары арасындағы әйелдердің үлесі шамамен 22%-ды құрайды. Сонымен қатар цифрлық экономиканың одан әрі дамуы технологияларды енгізумен қатар, цифрлық сауаттылықты арттыруды, жаңа құралдарға деген сенімді қалыптастыруды және бизнесті цифрлық трансформация үдерістеріне тартуды талап етеді.
Осындай жұмыстың нақты мысалдарының бірі – «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС дамытып жатырған AgroMarket.asia цифрлық платформасы. Жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен сатып алушылардың тікелей өзара іс-қимылын қамтамасыз етіп, өткізу нарықтарын кеңейтуге, іскерлік серіктестер табуға және сауда қатынастарының ашықтығын арттыруға ықпал етеді. Кәсіпкерлер үшін, соның ішінде аграрлық секторда өз ісін дамытып жүрген әйелдер үшін мұндай шешімдер бизнесті өркендетуге және жаңа нарықтарға шығуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Бұл ретте сауданы цифрландыру көлік-логистика саласымен тікелей байланысты, өйткені жеткізу географиясының кеңеюі және тікелей сауда байланыстарының дамуы заманауи логистикалық шешімдерге сұраныс қалыптастырады.
Пікірталас қатысушылары технологиялық трансформацияның адами капиталды дамытусыз мүмкін еместігін де атап өтті. Оның тиімділігі енгізілген цифрлық шешімдердің санымен ғана емес, олардың мамандар мен кәсіпкерлер үшін қаншалықты қолжетімді болуымен де айқындалады. Осы тұрғыдан алғанда, экономиканың әртүрлі салалары өкілдері арасындағы кәсіби диалог, тәжірибе алмасу және практикалық өзара іс-қимыл ерекше маңызға ие.
Айта кетейік, «Жаңа дәуірдің көшбасшы әйелдері» панельдік сессиясы «Көлік және логистика» 29-шы Қазақстан халықаралық TransLogistica Kazakhstan 2026 көрмесі аясында өтті. Биыл көрмеге әлемнің 20 елінен 230 компания, оның ішінде 101 қазақстандық және 129 шетелдік компания қатысты. Іскерлік бағдарлама халықаралық көлік дәліздерін, логистикалық инфрақұрылымды, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және заманауи технологияларды енгізуге арналған.
Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы