Пилоттық жоба аясында ақпараттық жүйеде қатысушыларды тіркеуден және тауар карточкаларын жасаудан бастап, өнімнің әрбір бірлігіне таңбалау кодын жапсыруға дейін цифрлық таңбалаудың барлық негізгі кезеңдері сынақтан өтті. Сондай-ақ өнімдерді жеке кодтары бар қораптар мен паллеттерге агрегаттау процестері пысықталды. Бұдан кейін тауар айналымға енгізіліп, көтерме дистрибьюторларға, одан әрі бөлшек сауда желісіне жеткізіледі, онда сату кезінде код сканерленіп, өнім айналымнан шығарылады. Осылайша, тауардың әрбір қозғалысы жүйеде тіркеліп, жеткізу тізбегінің толық ашықтығы қамтамасыз етіледі.
Дәрілік заттарды таңбалау тәжірибесі, яғни биологиялық белсенді қоспаларға ең жақын тауар тобы бойынша жұмыс, қазірдің өзінде нақты нәтиже беруде. Дәрілік заттарды міндетті таңбалау енгізілгеннен бері цифрлық таңбалау деректерін талдау негізінде айналым аясында заңнаманы бұзудың 4 мыңнан астам дерегі анықталды.
Биологиялық белсенді қоспаларды міндетті таңбалауды енгізудің мақсаты – олардың нарықтағы айналымының ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету, өндірушілер, импорттаушылар және бөлшек сауда субъектілерінің қызметін ретке келтіру, сондай-ақ адал бизнесті қорғау. Таңбалау өнімді сәйкестендіруге, заңбұзушылықтарды, соның ішінде дәрілік заттарды биологиялық белсенді қоспалар ретінде сату фактілерін уақтылы анықтауға және жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Пилоттық жоба барысында алынған нәтижелер Қазақстан Республикасында биологиялық белсенді қоспаларды міндетті таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу бойынша шешімдер қабылдау кезінде пайдаланылатын болады. Денсаулық сақтау министрлігі таңбалауды енгізу мерзімдері бойынша ұсыныстарды ҚР Сауда және интеграция министрлігіне жолдап, Еуразиялық экономикалық комиссияны хабардар етеді, таңбалау кодының құнын және Таңбалау мен қадағалау қағидаларын бекітеді. Осыдан кейін саланы жүйені іске қосуға дайындау басталады.
Бүгінде Қазақстанда алты тауар тобы бойынша міндетті таңбалау енгізілген: темекі өнімдері, аяқ киім, дәрілік заттар, мотор майлары, киік дериваттары, сыра және сыра сусындары. Сонымен қатар медициналық мақсаттағы бұйымдар, өсімдік майлары, тұрмыстық химия, газ баллондары және ағаш сүректерін таңбалау бойынша пилоттық жобалар жүзеге асырылу сатысында. Ағымдағы жылдың соңында жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен зергерлік бұйымдарды міндетті таңбалауды енгізу жоспарланып отыр.
Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы