«Аманат» партиясының Астана қалалық филиалы жанындағы Экономика және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі кеңес отырысы аясында жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалауды енгізу және Ұлттық тауарлар каталогының (ҰТК) жұмыс істеу мәселелері талқыланды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің, сондай-ақ Еуразиялық бірлестіктің (ЕБ) және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
Отырыс барысында бизнес өкілдеріне тауарларды міндетті цифрлық таңбалау құралы арқылы көлеңкелі нарықпен күрес жөніндегі мемлекеттік саясат, сондай-ақ қолданыстағы тауар топтары бойынша енгізілген міндетті таңбалаудың нәтижесінде қол жеткізілген тиімділіктер таныстырылды.
Табысты іске асырылған шаралардың мысалы ретінде темекі өнімдерін, дәрілік заттарды және аяқ киім тауарларын таңбалауды енгізу нәтижелері келтірілді. Осы тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалауды 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап кезең-кезеңімен енгізетінін хабарлады. Қазіргі уақытта жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау және қадағалау қағидалары ведомствоның қарауында.
Өз кезегінде Бірыңғай тауарларды таңбалау және қадағалау операторы жоба жетекшісі Ерлан Қарабаев бизнес өкілдеріне таңбалау жүйесінің жұмыс тетіктері мен артықшылықтарын түсіндірді.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі қатысушыларды барлық тауарларды Ұлттық тауарлар каталогы базасында тіркеуді міндеттейтін заңнамалық нормалардың күшіне енгендігін хабарлады. Бұл жаңашылдықтың мақсаты — тауар сипаттамаларын біріздендіру және тиісті тауар топтарына NTIN ұлттық сәйкестендіру кодтарын беру.
Талқылау қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен Бірыңғай оператор өкілдері қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді. «Аманат» партиясының қалалық филиалы жанындағы Экономика және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі кеңес төрағасы Талғат Дүйсекеев осындай кездесулерді тұрақты негізде өткізу туралы ұсыныс білдірді.
Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы