Business
2 күн бұрын, 05:22

Қазақстанда смарт-сағаттар мен құлаққаптарда денсаулықты бақылау функциялары қолжетімді болды

12 рет қаралды

Қазақстанда Apple Watch, Samsung Galaxy Watch және AirPods Pro құрылғыларындағы денсаулықты бақылау функцияларына қолжетімділік кеңейтілді.

 

Үйлесімді құрылғыларды пайдаланушылар ЭКГ түсіріп, жүрек ырғағының бұзылуы мен ұйқы кезіндегі тыныс алу ауытқулары туралы хабарлама ала алады, қан қысымын өлшеп, есту қабілетін тексере алады.

 

Смарт-сағаттарда ЭКГ түсіруге және қан қысымын бақылауға болады

Apple Watch және Samsung Galaxy Watch сағаттарының үйлесімді модельдерінде электрокардиограмма түсіріп, нәтижесін смартфонға сақтауға болады. Қажет болған жағдайда оны дәрігерге көрсетуге болады.

 

Samsung сағаттарында Samsung Health Monitor қолданбасы арқылы қан қысымын өлшеу мүмкіндігі де бар. Функцияны пайдалану үшін оны алдын ала манжетасы бар тонометрдің көмегімен калибрлеу қажет. Калибрлеуді әр 28 күн сайын қайталап отыру керек.

 

Apple Watch Series 9 және одан кейінгі модельдер ұйқы кезінде тыныс алудың ықтимал бұзылыстары туралы хабарлама жібере алады.

 

AirPods Pro есту қабілетін тексеруге көмектеседі

AirPods Pro 2 және одан кейінгі модельдердің иелері «Денсаулық» қолданбасы арқылы есту қабілетін тексере алады. Тест шамамен бес минутқа созылады және тыныш жерде өткізіледі.

 

Есту аппараты функциясы жеңіл немесе орташа деңгейдегі есту қабілетінің төмендеуі болжанатын ересек пайдаланушылар үшін айналадағы дыбыстарды күшейтуге мүмкіндік береді. Функция есту қабілетін тексеру нәтижелері немесе маман дайындаған жүктелген аудиограмма негізінде бапталады.

 

Функцияларды жаңартудан кейін қосу қажет

Жаңа мүмкіндіктерді пайдалану үшін смартфон мен үйлесімді құрылғының бағдарламалық жасақтамасын жаңартып, қолданбада қажетті функцияларды баптау керек.

 

Денсаулық сақтау министрлігі смарт-сағаттар мен құлаққаптардан алынған деректер профилактика мен өзін-өзі бақылауға арналғанын атап өтті. Медицина қызметкерінің кеңесінсіз бұл деректерді диагноз қоюға немесе ем тағайындауға негіз ретінде пайдалануға болмайды.