Business
28.01.2026, 11:09

2026 жылдан бастап Қазақстанда қандай салық режимдері қолданылады

284 рет қаралды

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Құжат бизнесті салықтық реттеуге қатысты арнайы режимдерге деген тәсілді қайта қарастырады. Арнайы салық режимдерінің саны үшке дейін қысқартылды. Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлер қай жағдайда салық режимін өз бетінше таңдауы қажет екенін және қай кезде көшу автоматты түрде жүзеге асырылатынын түсіндірді.

 

2026 жылдан бастап қолданылатын салық режимдері

Жаңа Салық кодексіне сәйкес, Қазақстанда үш арнайы салық режимі қолданылады:

 

• оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимі;
• өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимі;
• шаруа және фермер қожалықтарына арналған арнайы салық режимі.

 

Оңайлатылған декларация

Оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануды жоспарлаған кәсіпкерлер 2026 жылғы 1 наурызға дейін қолданылатын салық режимін таңдау туралы хабарлама ұсынуы тиіс.

 

Белгіленген мерзімде хабарлама берілмеген жағдайда, салық төлеуші 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне автоматты түрде ауыстырылады.

 

Хабарламаны бірнеше тәсілмен беруге болады:

 

• ИС ИСНА жүйесіндегі салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы;
• e‑Salyq Business мобильді қосымшасы арқылы;
• орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына қағаз түрінде;
• банктердің мобильді қосымшалары арқылы. Қазіргі таңда бұл сервис Kaspi Bank қосымшасында мемлекеттік қызметтер бөлімінде қолжетімді.

 

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимге көшу

2026 жылғы 1 наурыздан бастап салық органдары 2025 жылы патент негізіндегі арнайы салық режимін немесе арнайы мобильді қосымшаны пайдалану арқылы қолданылған режимді пайдаланған жеке кәсіпкерлерді автоматты түрде есептен шығарады.

 

Есептен шығару күні ретінде 2026 жылғы 1 қаңтар есептеледі. Сонымен қатар, салық төлеушілер есептен шығу туралы өтінішті өз еркімен беру құқығын сақтайды.

 

Егер кәсіпкер басқа салық режимін таңдағаны туралы хабарлама тапсырған болса, автоматты түрде есептен шығару жүргізілмейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы режимді қолданудың басталу күні e‑Salyq Business мобильді қосымшасында алғашқы чектің қалыптастырылған күні болып саналады.

 

Шаруа және фермер қожалықтарына арналған режим

Шаруа және фермер қожалықтарына арналған арнайы салық режиміне көшу 2026 жылғы 1 наурызға дейінсалық органдары тарапынан автоматты түрде жүзеге асырылады және салық төлеушіден қосымша хабарлама беруді талап етпейді.

 

Нені ескеру қажет

Мемлекеттік кірістер комитетінде салық режимін таңдау салықтарды төлеу тәртібі мен есептілікке тікелей әсер ететінін атап өтті. Кәсіпкерлерге өз қызметіне сәйкес келетін режимді алдын ала айқындап, қажет болған жағдайда белгіленген мерзімде хабарлама тапсыру ұсынылады. Бұл жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне автоматты түрде ауысудың алдын алуға мүмкіндік береді.