Business
30.01.2026, 15:01

2026 жылғы оңайлатылған декларация бойынша жұмыс істейтін ЖК-нің салықтары мен міндетті төлемдері

214 рет қаралды

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер жаңартылған Салық кодексі аясында жұмысын жалғастырады. Режимнің жалпы логикасы өзгермегенімен, АЕК-тің өсуі мен жекелеген мөлшерлемелердің өзгеруіне байланысты есептелетін сомалар қайта қаралады.

 

Оңайлатылған режимді қолдану үшін табыс шегі

2026 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңге болып белгіленді. Осыған сәйкес, оңайлатылған режимді қолдануға мүмкіндік беретін жылдық табыс шегі:

 

жылына 600 000 АЕК = 2,595 млрд ₸.

 

Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап арнайы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін ҚҚС бойынша тіркеуге тұру мүмкіндігі жоқ. Бұл талап оңайлатылған режимдегі ЖШС-лерге де қатысты қолданылады: табыс 10 000 АЕК шегінен асқан жағдайда да ҚҚС бойынша тіркелу міндеті туындамайды.

 

ЖК-нің өз пайдасына төленетін әлеуметтік төлемдер

Оңайлатылған режимдегі жеке кәсіпкер ай сайын өз пайдасына әлеуметтік төлемдерді төлейді. 2026 жылы келесі көрсеткіштер қолданылады:

 

• ең төменгі жалақы (ЕТЖ) — 85 000 теңге;
• міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі (МЗЖ) — 10 %;
• жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (МБЗЖ) — 3,5 %;
• әлеуметтік аударымдар (ӘА) — 5 %;
• міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар (МӘМСЖ) — 1,4 ЕТЖ базасынан 5 %.

 

Ең төменгі әлеуметтік төлемдер

Әлеуметтік төлемдер ең төменгі деңгейде, яғни 1 ЕТЖ (85 000 ₸) мөлшеріндегі табыстан есептелген жағдайда:

 

• МЗЖ: 85 000 × 10 % = 8 500 ₸;
• МЗЖЖ: 85 000 × 3,5 % = 2 975 ₸;
• МӘМСЖ: 1,4 × 85 000 × 5 % = 5 950 ₸;
• ӘА: 85 000 × 5 % = 4 250 ₸.

 

Барлығы: айына 21 675 ₸.

 

Жалдамалы қызметкерлер үшін төлемдер

Кәсіпкердің қызметкерлері болған жағдайда қосымша салықтық жүктеме пайда болады. Төлемдердің бір бөлігі қызметкердің жалақысынан ұсталады, ал бір бөлігі жұмыс беруші ретінде ЖК-нің өз қаражатынан төленеді.

 

Қызметкердің жалақысынан ұсталатын төлемдер:

• міндетті зейнетақы жарналары — 10 %;
• МӘМС жарналары — 2 %;
• жеке табыс салығы — салық салынатын табыстың 10 %-ы.

 

Жұмыс беруші ретінде ЖК төлейтін төлемдер:

• жұмыс берушінің МЗЖ — 3,5 %;
• әлеуметтік аударымдар — 5 % (МЗЖ-ны шегергеннен кейінгі табыстан);
• МӘМС аударымдары — 3 %.

 

Қызметкердің жеке табыс салығын салықтық шегерімдер арқылы азайтуға болады. Ең кең таралғаны — ай сайынғы 30 АЕК мөлшеріндегі шегерім. Оны қолдану үшін қызметкер өтініш беруі тиіс және бұл шегерім тек бір жұмыс берушіде ғана пайдаланылады.

 

Оңайлатылған декларация бойынша табыс салығы

2026 жылы оңайлатылған декларация бойынша салық мөлшерлемесі жартыжылдық табыстың 4 %-ын құрайды. Жергілікті әкімдіктер мөлшерлемені 2 %-дан 6 %-ға дейінгі аралықта белгілеуге құқылы.

 

Салық жарты жылда бір рет 101202 КБК бойынша төленеді.

 

Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексінің 722-бабына сәйкес, оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданатын салық төлеушілер:

 

• әлеуметтік салықты төлеушілер болып табылмайды;
• ҚҚС төлеушілер болып табылмайды (импортқа салынатын ҚҚС пен резидент емес тұлғалар үшін ҚҚС-ты қоспағанда).