2026 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда былтыр Президент қол қойған «Жасанды интеллект туралы» заң күшіне енеді. Құжаттағы негізгі талаптардың бірі — жасанды интеллект жүйелерінің көмегімен жасалған немесе өзгертілген контентті міндетті түрде белгілеу.
Заң жасанды интеллект жүйелерінің иелері мен меншік иелерінің құқықтары мен міндеттерін айқындайды, сондай-ақ пайдаланушыларды так аталатын синтетикалық нәтижелер туралы хабардар ету талаптарын енгізеді.
ЖИ-контент деп не есептеледі
Синтетикалық нәтижелерге жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өзгертілген және шынайы өмірде болмаған адамдардың сырт келбетін, дауысын, мінез-құлқын немесе оқиғаларды имитациялайтын бейнелер, видеолар, аудиолар, мәтіндер немесе олардың комбинациялары жатады.
Мұндай контентті жариялау және тарату тек айқын әрі түсінікті маркировка болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Маркировканың болмауы заңбұзушылық ретінде қарастырылады.
Талап кімдерге қатысты
Маркировка жеке және заңды тұлғаларға, соның ішінде компанияларға, БАҚ-қа, блогерлерге және өзге ұйымдарға міндетті, егер олар:
• жасанды интеллект жүйесінің иесі немесе меншік иесі болса;
• осындай жүйелердің қызмет нәтижелерін таратса.
Бұл ретте маркировканың болмауы үшін жауапкершілік контент жасаған жеке пайдаланушыларға емес, дәл сол жасанды интеллект жүйелерінің иелеріне жүктеледі.
Қарапайым пайдаланушыларға алаңдаудың қажеті бар ма
Егер пайдаланушы танымал нейрожелілердің көмегімен суреттер немесе мәтіндер жасаса, жауапкершілікке тартылу қаупі ең төмен деңгейде. Профильдік ведомствоның түсіндіруінше, көптеген ірі ЖИ-платформалар контентті автоматты түрде белгілеу механизмін енгізіп қойған. Мысалы, Gemini нейрожелісінде маркировка автоматты түрде көрсетіледі — суреттерде контенттің жасанды интеллект көмегімен жасалғанын білдіретін логотип немесе визуалды белгі болады.
Болашақта автоматты маркировка барлық ЖИ-сервистер үшін стандартқа айналады деп күтіледі.
Маркировка қандай болуы керек
Заң маркировканың қатаң немесе бірізді форматын бекітпейді. Негізгі талап — ол пайдаланушыға түсінікті болуы тиіс.
Маркировка келесі түрде болуы мүмкін:
• суретте немесе видеода орналасқан «ЖИ арқылы жасалған» деген визуалды белгі;
• материалдың басында немесе алдында берілетін мәтіндік ескерту;
• медиаконтентті ойнату кезінде берілетін аудио-хабарлама;
• контенттің жасанды интеллект көмегімен жасалғанын бірмәнді анықтауға мүмкіндік беретін өзге формат.
Әсіресе дипфейктерге және нақты адамдардың бейнесі немесе дауысы қолданылған материалдарға ерекше назар аударылады.
Қандай айыппұлдар қарастырылған
ЖИ-маркировканың болмауы үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі:
• жеке тұлғалар үшін — 15 АЕК;
• шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдар үшін — 20 АЕК;
• орта бизнес үшін — 30 АЕК;
• ірі бизнес үшін — 100 АЕК.
Бір жыл ішінде қайталанған заңбұзушылық кезінде айыппұл мөлшері ұлғаяды, ал кейбір жағдайларда жасанды интеллект жүйесінің қызметі уақытша тоқтатылуы немесе толықтай тыйым салынуы мүмкін.
Заң қашан күшіне енеді
Заң ресми жарияланған күннен кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң, яғни 2026 жылдың 16 қаңтарында күшіне енеді.
ЖИ-маркировка талабы Қазақстанда цифрландыруды дамыту және жасанды интеллектті реттеу жөніндегі жалпы мемлекеттік саясаттың бір бөлігі ретінде енгізіледі.