Тараптар тағамға биологиялық белсенді қоспаларды (бұдан әрі – ББҚ) бақылау-сәйкестендіру белгілерімен міндетті таңбалауды енгізу перспективаларын қарастырды. Күн тәртібіне Ресейдегі ББҚ таңбалау жүйесін пайдалану тәжірибесі, Ресей Федерациясында бизнес пен таңбалау жүйесінің операторы тап болған мәселелер, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасында алдын алу жолдарын талқылау енгізілді.
Өзін-өзі реттейтін ұйым өкілдері көтерген маңызды мәселелердің бірі Қазақстан мен Ресей арасындағы таңбалау кодтарын өзара тану мүмкіндігі болды. Кездесуге қатысушылар негізгі қиындық ретінде ББҚ-ны Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының бақылау-сәйкестендіру белгілерімен бір мезгілде қосарлы таңбалау қаупін атады. Мұндай шешім Ресейде ешқашан сыналған емес және Қазақстандағы пилоттық жоба аясында да пысықталмаған. Осыған байланысты ЕАЭО-ның бірыңғай экономикалық кеңістігі шеңберінде таңбаланатын ББҚ-ның трансшекаралық қозғалысы кезінде тәуекелдерді азайту тетіктерін пысықтау үшін Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрлігі, Қазақстан мен Ресей операторлары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі және Сауда және интеграция министрлігінің қатысуымен кеңес өткізу туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар қатысушылар таңбалау жүйесінде тауарларды тіркеу кезінде ББҚ-ның мемлекеттік тіркеуінің болуын есепке алу мәселесіне ерекше назар аударды. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік ББҚ-ның қауіпсіздігін және олардың заңнама талаптарына, соның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкестігін растайтын ресми құжат. ЕЭК-тің «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті аясында бұл құжат Қазақстанда, Ресейде және Одаққа мүше өзге елдерде ББҚ өндіру, импорттау және айналымға шығару үшін міндетті болып табылады.
Өз кезегінде, адал бизнес өкілдері кездесу барысында ББҚ-ны міндетті таңбалаудың тұтынушыларды қолдан жасалған және қауіпті өнімнен қорғау құралы ретіндегі, сондай-ақ заң талаптарын сақтайтын өндірушілер мен импорттаушылар үшін нарықта тең бәсекелестік жағдайларын қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Кездесу барысында тараптар қадағалау жүйесін енгізуді кейінге қалдыру және тиісті техникалық шешімдер пысықталған сайын оны кезең-кезеңімен енгізу мүмкіндігін де талқылады.
Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелері барлық мүдделі тараптардың, сондай-ақ қазақстандық тұтынушылардың мүдделерін барынша ескеруге мүмкіндік беретін шешімдерді іздестіруде бизнес, таңбалау операторы және ББҚ саласындағы реттеуші арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың одан әрі жалғасатынына үміт білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың қыркүйек айында Қазақстан аумағында ББҚ-ны міндетті таңбалауды енгізу жоспарланып отыр. Бүгінде темекі өнімдері, аяқ киім, дәрілік заттар, мотор майлары, киік мүйіздері, сыра және сыра сусындары таңбалануға жатады. 2026 жылғы желтоқсанда жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен зергерлік бұйымдарды таңбалау басталады. Қазіргі уақытта тұрмыстық химия және косметика тауарларын, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, өсімдік майын таңбалау пилоттық жобалар аясында сынақтан өтуде. Ағаш материалдары мен тұрмыстық газ баллондарын таңбалау бойынша пилоттық жобалар аяқталды.
Анықтама үшін: «Тағамға ББҚ өндірушілер одағы» ӨРҰ 2008 жылы құрылған және ЕАЭО аумағында тағамға ББҚ айналымы саласындағы ең ірі салалық коммерциялық емес бірлестік болып табылады. Бүгінгі таңда Одақ құрамына тағамға ББҚ өндіретін және импорттайтын 30-дан астам компания кіреді. Олар бірлесіп Ресей Федерациясындағы ББҚ нарығының дәріханалық сегментінің 70%-ына дейін қалыптастырады және сонымен қатар Қазақстан Республикасына ірі экспорттаушылардың қатарына жатады.
Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы