Альфия Байжигитова, кәсіпкер әйел
«Қазіргі заманғы іскер әйел өмірдің барлық саласында сәтті болуға тырысып, бірнеше рөлдерді біріктіруі керек: шаңырақтың қамқоршысы, сүйікті ана, жұмыста жетістікке жеткен кәсіпкер, қоғам қайраткері»
Инстаграм аккаунтына жазылыңыз — Grand Style
Кәсіп жайлы
Мен бьюти-индустрия саласында жұмыс істеймін, яғни сұлулық салон аштым. Бұл кәсіпті 6 жыл бұрын бастаған едім. Кейін сауда орталығында кофехана, әйелдер киімінің бутигін аштым. Сонымен қатар, менде бірнеше тамақтану орындары бар.
Қазіргі уақытта бизнесті қалай жүргізу керектігі жайлы
Қазіргі заманауи әйел супер қаһарман іспеттес. Өмір ырғағына ілесуге тырысу қажет, өйткені бала-шағаңның қамын ойлап, күтіп, баптап, оларды мектепке, балабақшаға апаруға уақыт бөлуіңіз керек. Бақытыма орай, менің үлкен балаларым әрқашан жанымнан табылады және бәріне көмектеседі. Мектептен кейін кіші балаларым да маған келіп, қолдарынан келгенше қолғабыс жасайды. Қазіргі заманғы іскер әйел өмірдің барлық саласында сәтті болуға тырысып, бірнеше рөлдерді біріктіруі керек: шаңырақтың қамқоршысы, сүйікті ана, жұмыста жетістікке жеткен кәсіпкер, қоғам қайраткері. Біз көп балалы аналарға жиі көмектесеміз. Адамға балық берсеңіз бір күн қарны тоқ болар, қармақ беріп, балық аулауды үйретсеңіз, қарны әрқашан тоқ болар. Біз алдымен көпбалалы аналарды оқытып, үйретеміз және оларды кәсіпкерлікке тартамыз.
Мысалы, біз қарапайым бизнес-жобаларды оларға ұсынамыз: қолөнер, кондитерлік өнімдер, тоңазытқышта сақтайтын тағамдарды дайындау және т.б. Немесе лаш-мейкер — кірпікті ұзарту шеберіне үйретеміз. Осылайша, көп балалы аналар үйде отырып-ақ жұмыс істей алады. Бизнестегі әйел адам үнемі жаңа білім толқынында болу керек. Сондай-ақ үйдің күйбің тірлігін бірге алып жүруі қажет. Өзінің сырт-келбетіне қарауға да уақыт табу керек.
Қазақстанда бизнес құру жайлы
Қазіргі уақытта Қазақстанда ақша табу өте қиын болды, өйткені бұл салада бәсекелестік көп. 2 жылдық пандемияның салдарынан бизнес қатты зардап шекті. Коронавируспен байланысты карантиндік шектеулер шағын бизнесті құртты деуге болады. Көптеген сұлулық салондары жабылып қалды, бізге жұмыс істеуге рұқсат етілмеді. Көптеген шеберлер салондардан кетіп, үйде қызмет көрсете бастады. Тиісінше, олар салонды жалдау ақысын төлемейді, осылайша өз қызметтерінің бағасын төмендетеді де бәсекелестік тудырады. Сондықтан болар, қазір көптеген сұлулық салондары жабық тұр. Қызмет көрсету саласы көп қиыншылық тудыратыны анық. Клиенттер әртүрлі болып келеді. Әрқайсысының көңілін табу - ол да өнер. Клиент әрдайым менікі дұрыс дейді, сондықтан айтқанына бағынамыз. Қазір доллардың жоғарлауына байланысты көп мәселелерді шешуге тура келді: барлық өнімдер қымбаттады, сәйкесінше біз қызметтеріміздің бағасын көтеруге мәжбүрміз. Бағаны көтерсек, тұрақты клиенттерден айырылып қалуымыз мүмкін. Қоғамдық тамақтануға келетін болсақ, онда да үлкен проблемалар бар. Күн сайын ағымдағы мәселелерді шешуге тырысамыз. Қолынан бал тамған жақсы аспаздарды табу өте қиын. Азық-түлік күн сайын қымбаттауда. Дегенмен, қиыншылыққа қарсы төтеп береміз.